Исламда орта жолды ұстану

Алла Тағала адамды саналы және ойланатын, пікір ететін етіп жаратқаны сияқты, өмірлік уақыт кезеңдерін де ерекше тағылыммен жасаған екен. Адам баласы салиқалы, ізгі амалдарды көп жасап және ғибадатында бекемділік таныту үшін Алла Тағала өзінің хақ әрі ақырзаман діні болған ислам дінін күллі адамзат баласына және жындар қауымына жіберді. Әлбетте, шынайы дін адамзат баласына қалай жүріп тұруды, Аллаға қалай ғибадат етуді және ақ пен қараны ажыратуды үйретеді. Өйткені, ислам діні кіршіксіз таза және ақырет күніне дейін сақталатын дін екені баршамызға мәлім.

Адам баласының жаратылуындағы басты мақсаты Раббысына құлшылық етіп, берілген нығметтерге ғибадат ету арқылы шүкіршілік ету болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құран кәримде: «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық ету үшін жараттым» (әз-Әарият сүресі, 56). Осы құлшылықты орындау барысында кейде жеңіл дінді ауырлатып, басқа шешімі жоқтай болып жатамыз. Алла Тағала Құран кәрімде дінде ешқандай түсінбейтін, қиындық тудыратын амалдардың жоқтығы және ұстанамын деген кісі үшін діннің жеңіл екендігі жайында былай делінген: «ТаҺа. Біз саған Құранды машаққат үшін түсірмедік» (Таһа сүресі,1-2) және басқа бір аятта «Алла тағала сендерге жеңілдік қалайды, ауыртпашылық салғысы келмейді» (Бақара сүресі185-аят).

Бірде Пайғамбарымыздың (саллалаху алейһи уассалам) пәк жұбайларына келіп, олардан Расулалланың (саллалаху алейһи уассалам) үйде құлшылық ететіні жайлы сұрады. Сөйтіп, олар Алла елшісінің (саллалаху алейһи уассалам) құлшылығынан хабардар болған соң, естігендерін өздерінше азырқанып: «Пайғамбардың қасында біз кімбіз? Оның бұрынғы және болашақтағы күнәлары түгелдей кешірілген ғой»,- десті. Содан олардың біреуі: «Мен бұдан былай түнімен көз шырымын алмастан намаз оқитын боламын»,- деді. Тағы біреуі: «Бұдан былай өмір бойы үзбей ораза ұстаймын»,-деді. Енді біреуі болса: «Мен де бұдан былай әйел атаулыға жоламаймын, ешқашан үйленбеймін»,-деді. Мұны естіген Пайғамбарымыз (саллалаху алейһи уассалам) оларға барып: «Анадай-мынадай істеймін деп айтқан сендерсіңдер ме? Алланың атымен ант етейін! Мен Хақ тағаланы бәріңнен де құрмет тұтамын, әрі Одан бәріңнен де қатты қорқамын. Сөйте тұра, кей күндері ораза ұстап, кейде ұстамаймын. Түнде тұрып оқимын, әрі жатып тынығамын. Сондай- ақ, үйленіп отау құрамын. Кімде кім менің жолымнан бас тартса, менің жағымда (маған ерушілерден) емес»,- деп үшеуіне де қатаң ескерту жасады»,- деп айтты(Бухари).

Пайғамбарымыздың (саллалаху алейһи уассалам) осы өнегелі хадис шәрифіне зер салып қарайтын болсақ, адам дінде орта жолды ұстануы керек.

Санасы толық жетілмеген жастар арасында діни фанатизм артып, діни сауаттылықтың төмендігінен түрлі тармақтарға бөлініп бір-бірлерін бұрысқа шығарып, жеңіл дінді қиын етіп алып, қоғамда түрлі бүліктер туындатып жататыны да бар.

Пайғамбарымыздың (саллалаху алейһи уассалам) мына бір хадисінде: Абу һурайрадан жеткен хадисте: «Шүбәсіз, бұл дін – жеңіл дін. Адам баласы қанша жерден шамасынан тыс құлшылық жасаймын деп, дінде тыраштанса да, бәрібір дін әрқашан одан үстем болады. Ендеше, әрбір істе (әсірелік пен селқостыққа бармай) тура әрі орта жолды ұстаныңдар. Әр істі кемеліне жеткізе орындаңдар. Егер оған шамаларың жетпесе, мейлінше тиянақты істеуге тырысыңдар. Сондай-ақ, таңғы және кешкі уақыттарды, әрі түнгі соңғы бөлігін (екі дүниенің бақытына бөлену үшін) тиімді пайдаланып, Алладан жәрдеп тілеңдер»,-деп айтты делінген (Бұхари). Кейде пендешілікке салынып парыз бен сүннет амалдардан тыс болған ғибадаттарды орындау да сүннетке қайшы келіп жататын жағдайлар көп кездеседі, олар: Пайғамбарымыз (саллалаху алейһи уассалам) жасамаған амалдар, яғни, үзбей намаз оқу және ораза ұстау секілді кейбір бұйырылмаған амалдарды жатқызуға болады. Пенде өз білгенімен құлшылық жасағанға қарағанда, сүннет амалдарды орындаған абзал. Бірде Пайғамбарымыз (саллалаху алейһи уассалам) мешітке кіргенде, шет жақтағы екі діңгекке керілген арқанды көріп: «Бұл не қылған арқан?», -деп сұрады. Сондағылар: «Бұл Зейнептің байлаған арқаны, ол намазды ұзақ тұрып қатты шаршаса, осыған сүйеніп құлшылығын жалғастырады», — деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (саллалаху алейһи уассалам): «Бұны алып тастаңдар. Әркім (нәпіл) намазды сергек кезінде оқысын. Құлшылық жасап шаршасаңдар, жатып демалыңдар», — деп бұйырды», — деген(Мүслим). Демек әр нәрсенің орны бар деген сөз. Бұл өмірде Алла тағала пендесіне бір күнде 24 сағат уақыт берді, сол берілген уақытты белгілі бір мөлшерін құлшылыққа, адал ризық (напақа) табуға, отбасының хақысын беру және ата-анасы мен туыс-бауырларының, көршілердің алдындағы хақысын беру керектігін ұмытпағаны жөн. Осыған сәйкес Алла елшісінің (саллалаху алейһи уассалам) өнегелі мына бір хадис шарифінде: Пайғамбарымыз (саллалаху алейһи уассалам) Салман мен Әбу Дарданың бір-біріне бауыр деп жариялаған еді. Бірде Салман Әбу Дарданың хал-жайын білу үшін оның үйіне барды. Бауырының әйелі Дарданың әбден жүдеп-жадап кеткенін байқайды. Сонда Салман одан: «Саған не болған, мына түрің не?» — дегенде, байғұс әйел: «Бауырың Әбу Дарда мені де, дүниенің басқа қызығын да қажетсінбейтін (еш елемейтін) болды», — деп шағымданды. Сөйткенше Әбу Дарданың өзі де келеді. Ол өзін іздеп келген бауырына арнайы тағам әзірлетіп, алдына қояды да: «Астан алып отыр, менің аузым берік», — дейді. Алайда, Салман оған: «Сен жемейінше, табаққа қол созбаймын», — дейді. Амалы құрыған Абу Дарда (нәпіл оразасын бұзып,

қонақпен бірге) ас ішеді. Түннің бір уағында Әбу Дарда орнынан тұрып, намаз оқымақшы болады. Салман оған: «Біраз жатып, ұйықта»,- дейді. Ол (бауырының сөзін екі етпей) төсегіне қайта қисаяды. Біраз ұақыт өткен соң, Әбу Дарда тағы да намаз оқу үшін тұрмақшы болады, Салман оған «Әлі де жата тұр»,- деп қайта жатқызады. Түннің соңғы бөлігінде Салман оған: «Ал енді тұр»,- дейді де, екеуі бірге түн намазын оқиды. Намаздан кейін Салман бауырына: «Шынтуайтында, Раббыңның сенде ақысы болғандай, нәпсіңнің де, отбасыңның да сеннен алар ақысы бар. Олай болса, олардың әрбіріне өзіңнің ақысын бер», — деп насихат айтты. Көп ұзамай Әбу Дарда Пайғамбарымызға (саллалаху алейһи уассалам) болған жайды баяндап берді. Сонда Расулалла (саллалаху алейһи уассалам) оған: «Салман дұрыс айтқан»,-дейді», — деген (Бұхари). Әлбетте тірі адам тіршілігін жасап дүниелік іс пен ақіреттің діни ғибадаттарын қатар алып жүруі тиіс. Пенденің тек мешітте отырып дүние тіршіліктерін ысырып қойып Алладан сұрағанға қарағанда тіршілік жасап отбасын асырап Алла парыз еткен амалдар мен Пайғамбарымыздың (саллалаху алейһи уассалам) сүннеттерін орындаған абзалырақ болар еді.

Пенде ең әуелгі өнеге алып, бұл өмірде қалай өмір сүруді және қалай құлшылық етуді Пайғамбарымыздан (саллалаху алейһи уассалам) үйреніп өнеге аламыз. Алла тағала әл-Имран сүресінің 31- аятында:(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер алланы(шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді»,-деп айт. Алла – Ғафур (құлдары қанша жерден ауыр күнаға батса да, тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим(әсіресе мүмин құлдарына ерекше мейірімді),-дейді. Осы аяаттан түсінетініміз біз Алла Тағаланы жақсы көруді және Оның бұйырған амалдарын орындап, тыйған амалдарынан қайтуды мақсат етсек, әлбетте Пайғамбарымыздың (саллалаху алейһи уассалам) жолымен жүруіміз лазым болмақ.

Беков Нұрсұлтан Садуұлы

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан

жапа шеккендерге көмек орталығы»

қоғамдық қорына теологы

Навыки

Опубликовано:

Октябрь 15, 2018